SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының Целиноград ауданына қарасты Қараөткел ауылында су құбыры желісіне жүргізілген монтаж жұмыстары кезінде екі жұмысшы қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға түсті. Оқиға 6 шілде күні болған.
Бұл туралы Еңбек инспекциясы мен полиция департаменті хабарлады. Қайғылы оқиға монтажшылар құдық ішінде жұмыс істеп жатқан сәтте орын алған.
Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 156-бабы 4-бөлігі ("Еңбекті қорғау қағидаларын бұзу") бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Сараптамалар тағайындалды, мемлекеттік еңбек инспекторы тексеру жүргізіп жатыр.
Полиция департаменті жұмыс берушілерді қауіпсіздік техникасы бойынша тұрақты нұсқаулық өткізіп, жеке қорғаныс құралдарының қолданылуын бақылауға және өндірістік процестерде анықталған заңбұзушылықтарды дер кезінде жоюға шақырды.
Айта кетейік, заң бойынша еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты тұлғаның салғырттығынан екі немесе одан да көп адамның қаза табуы 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасына әкелуі мүмкін.
RUS