SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қапшағай су қоймасындағы қоғамдық жағажайда 7 шілде күні жас қыз суға батып, көз жұмды. Бұл қайғылы оқиғаның куәсі болған Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында жағажайда адам өмірін құтқаруға арналған ешқандай инфрақұрылымның болмағанын ашына айтты.
«Бір қыз бала қаза тапты – көз алдымда. Оны құтқарып қалуға болар еді!», – деді ол.
Депутаттың айтуынша, жағажайда бейнебақылау камерасы да, құтқарушы мұнарасы да, арнайы дайындықтан өткен маман да болмаған. Тіпті қарапайым құтқару шеңберлері, дауыс зорайтқыш, алғашқы көмек көрсетуге жарамды медициналық қызметкер де қарастырылмаған. Адамдардан тек ақы жиналғанымен, қауіпсіз әрі өркениетті демалу жағдайы мүлде жасалмаған.
«Қызды судан алып шыққан – құтқарушылар емес, қайықты жалға беруші қарапайым адамдар мен оның туыстары. Ал алғашқы көмекті көрсетуге тырысқандар – кәсіби емес, жай ғана куәгерлер», – дейді Базарбек.
Оның айтуынша, еліміздегі көптеген демалыс аймағы заңсыз жекеменшікке өтіп кеткен. Қапшағай жағалауы да түрлі шенеуніктер мен ықпалды тұлғалардың меншігіне айналған. Базарбек ЕГКН (жер кадастры) деректеріне сүйене отырып, Қапшағайда шамамен 300 демалыс орны су қорғау аймағын заңсыз басып алғанын айтты.
«Бұл жерлер прокурорлардың, полиция басшыларының, әкім орынбасарлары мен жергілікті депутаттардың меншігіне өтіп кеткен. Олар «Resort», «Royal», «Beach» деп ат қойып, қоршап алып, халықтан ақы жинап отыр», – дейді депутат.
Бақытжан Базарбек қайғылы оқиғадан кейін Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясының басшысы Серік Мейрамбековпен байланысып, Қапшағайдағы барлық демалыс орындары мен су қорғау жолақтарына кешенді тексеру жүргізілетінін айтты. Бұл жұмыс республикалық «Жер аманаты» комиссиясының аясында жүзеге аспақ.
«Біз заңсыз жекешелендірілген жағажайларды мемлекетке қайтарып, туризм саласын тәртіпке келтіруге ниеттіміз. Жағажайдағы бейберекетсіздік пен қауіпсіздікке салғырт қараудың салдары – адам өлімі. Бұл – шұғыл шешімді қажет ететін ұлттық трагедия», – деп түйіндеді депутат.
Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр.
RUS