«Кішкентай балаға қол жүгіртті»: Алматыда ер адам автобуста қарияны соққыға жықты
Автобуста тағы да жанжал болды. Ер адам қарияны анайы әрекет жасады деп айыптады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматыда қоғамдық көлік ішінде егде жастағы ер адамды ұрып-соққан жігіт ұсталды. Бұл туралы қалалық полиция департаменті растады.
Оқиға тікелей автобустың ішінде болған. Әлеуметтік желіде тараған видеода ақ жейде киген ер адамның зейнеткерді басынан және арқасынан бірнеше рет ұрғаны анық көрінеді. Куәгерлердің айтуынша, олар аялдамада түскеннен кейін де жанжал жалғасқан – жас жігіт қарияға тас лақтырып, тағы да ұруға тырысқан. Видео түсіріп тұрған қыз күдіктінің өзіне де сес көрсеткенін айтып, полиция шақырғанын жеткізді.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жанжалдың басталуына қарияның кәмелетке толмаған балаға «анайы әрекет жасауы» себеп болған. Жас жігіт – соққыға жығылған қарияның артынан кеткен балақайдың ағасы екені айтылады.
«Бұл факті бойынша Әуезов аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізіп жатыр. Құқықбұзушы анықталып, ұсталды. Қазіргі таңда оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жәбірленушінің қайда екені анықталуда», – деп хабарлады Алматы қалалық ПД.
Полиция оқиғаның нақты себептерін, тараптардың түсініктемелерін және баланың жағдайын анықтап жатыр.
Желі қолданушылары қоғамдық ортада агрессияға жол берілмеуі тиіс, алайда балаларға қатысты қандай да бір күмәнді әрекет те назарсыз қалмауы керек деген пікір білдірді. Тергеу нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Материал авторы