Танымал футболшы Диогу Жотаның қазасына не себеп болғаны айтылды
Жол апатына түсіп қаза болған футболшының өліміне қатысты алғашқы деректер жария болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, «Ливерпуль» клубының футболшысы Диогу Жота мен оның бауыры Андре Силваның жол апатынан қаза табуына жылдамдықты шамадан тыс арттыру мен доңғалақ жарылуы себеп болуы мүмкін. Бұл туралы El Mundo газеті Испанияның Азаматтық гвардиясы жүргізген алдын ала тергеу қорытындыларына сілтеме жасап мәлімдеді.
Қайғылы оқиға өткен бейсенбі күні таңға жуық Испанияның Самора аймағындағы A52 трассасында, Сернадилья елдімекенінің маңында болған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, Lamborghini Huracán көлігін тізгіндеген Диогу Жота көлікпен озып өтпек болған сәтте доңғалағы жарылып, футболшы рөлге ие бола алмай қалған. Көлік жол шетіндегі кюветке ұшып кетіп, артынша өртеніп кеткен. Апаттан кейінгі күйі сараптама жүргізуге кедергі келтіріп отыр.
Диогу Жотаның өмірінің соңғы күндері
Футболшы қайтыс боларынан небәрі он бір күн бұрын көп жылдан бері бірге тұрып келе жатқан сүйіктісі, үш баласының анасы Руте Кардозуға үйленген еді.
28 жастағы Диогу Жота мен 25 жастағы Андре Силва 5 шілде күні Португалиядағы Гондомар қаласында жер қойнына тапсырылды.
Материал авторы