Ақмолада баласының өлімі үшін әділдік талап еткен әйелдің ісі сотқа жетті
Әділдік сұраған ана жалған ақпарат таратты деген айыпқа ұшырады.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысында баласынан айырылған әйел әлеуметтік желіде видеоүндеу жариялап, оқиғаға кінәлі адамды жазалауды талап еткен. Алайда кейін жәбірленуші емес, өзі сот алдында жауап беруге мәжбүр болды.
Облыстық соттың мәліметінше, әйел баласының жол апатынан қаза табуына белгілі бір азаматты кінәлап, бейнежазба арқылы оны жұртқа жария еткен. Ол өз үндеуінде тергеудің әділетсіз жүргізіліп жатқанын айтып, қылмыстық істің бірнеше рет тоқтатылғанын жеткізген.
«2024 жылдың желтоқсанынан 2025 жылдың маусымына дейін іс үш рет қозғалып, кейін тоқтатылған. Әйел әділдік іздеп, видеоүндеуге жүгінгенін айтты», — делінген сот хабарламасында.
Алайда аталған жазбада жалған ақпарат таратқаны немесе нақты бір азаматтың ар-намысына нұқсан келтіргені дәлелденбеді.
Соттың шешімі:
Әйелдің бейнеүндеуі әділ тергеу жүргізуге үндеу сипатында болған;
Жала жабу немесе жалған ақпарат тарату фактілері анықталмады;
Құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, іс тоқтатылды.
Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Материал авторы