713

«Мені ұрып-соқты»: Перизат Қайрат сотта тергеушілердің қысым жасағанын мәлімдеді

Дене жарақаты тіркелген боп шықты.

«Мені ұрып-соқты»: Перизат Қайрат сотта тергеушілердің қысым жасағанын мәлімдеді
Tengrinews.kz/Санжар Мустафин

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 3 миллиард теңгені жымқырды деп айыпталған Перизат Қайрат сотта тергеу изоляторында қысым көргенін айтып, көзіне жас алды. Оның айтуынша, изолятор қызметкерлері тарапынан физикалық және моральдық қысым жасалған. Бұл мәліметке қатысты қылмыстық іс тіркеліп, тексеріс басталған.

«Жай ғана моральдық тұрғыдан шаршадым. Менің айналамда тергеуші тым көп. Бірақ бұл туралы ашық айта аламын, себебі бұл — Астана қаласы прокуратурасында тіркелген қылмыстық істің бір бөлігі», — деді Қайрат сот отырысы кезінде журналистерге.

«Мен ештеңе айтқан жоқпын, айтпаймын да»

Журналистердің «Сізді ұрып-соқты ма?» деген сұрағына ол нақты жауап бермеді. Дегенмен дене жарақаты тіркеліп, іс ЕРДР-де тіркелгенін растады.
Перизаттың сөзінше, ол кінәні мойындау үшін қысым көрген болуы мүмкін, алайда бұл туралы нақты мәлімет беруден бас тартты:

«Қазір ештеңе айта алмаймын. Өйткені ертең менің сөзімді өзіме қарсы пайдалануы мүмкін», — деді ол.

Бірінші рет анасын көрді

Сот отырысында Перизат Қайрат жаз бойы ешқандай арыз түсірмегенін, тіпті бірде-бір қоғамдық қорғаушы берілмегенін мәлімдеді. Сондай-ақ бүгін алғаш рет туған анасын көріп отырғанын айтып, жылап жіберді.

Қылмыстық іс: қайырымдылықты қалтаға басу

2024 жылдың қарашасында Перизат Қайрат су тасқынынан зардап шеккендерге арналған қайырымдылық ақшасын жымқырды деген күдікпен ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, ол және анасы Гайни Алашбаева жалпы сомасы 3 миллиард теңгеден астам қаражатты иемденген. Бұл ақша мүгедек балалар, су тасқыны және Таяу Шығыстағы соғыстан зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған болатын.

Тергеу деректеріне сәйкес, қайырымдылыққа жиналған ақшаның бір бөлігі элиталық мүлік, қымбат көліктер және шетелдік демалыстарға жұмсалған.

Қазір бұл іс Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралып жатыр.

Материал авторы