803

«Кеуде қуысы зақымданып, қабырғалары сынған»: Алматы облысы әкімінің орынбасары ауыр жол апатына түсті

Әкім орынбасарының жағдайы ауыр.

«Кеуде қуысы зақымданып, қабырғалары сынған»: Алматы облысы әкімінің орынбасары ауыр жол апатына түсті
Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысы әкімінің орынбасары Әсет Масабаев 8 шілде күні жол-көлік оқиғасына ұшырап, ауыр жарақатпен ауруханаға түскен. Оқиға облыстағы тас жолдардың бірінде болғаны енді белгілі болды.

Ресми мәліметке сәйкес, шенеунік бас сүйегінен жарақат алып, миы шайқалған. Сондай-ақ кеуде қуысы ағзалары зақымданып, бірнеше қабырғасы сынған. Ол Алматы облыстық көпсалалы клиникалық ауруханаға жедел жеткізілді.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы қазіргі жағдайын тұрақты деп бағалап отыр:

"Жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаевтың жағдайы тұрақты. Қажетті медициналық көмек хаттамаға сай көрсетіліп жатыр", – делінген ресми хабарламада.

1985 жылы туған Әсет Масабаев – энергетика және құқық саласында жоғары білім алған маман. Ол еңбек жолын қарапайым электромонтер болып бастап, электр станциялары, әкімшілік басқармалар мен жеке компаниялардағы түрлі лауазымдарды атқарған.

Бұған дейін Алматы қаласы Медеу ауданының әкімі, Жетісу облысы Талдықорған қаласының әкімі сияқты қызметтерде болған. 2024 жылғы 16 тамыздан бастап "ULKEN GROUP LTD" жеке компаниясының басқарушы директоры қызметін атқарып келді.

Материал авторы