SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жыл соңына дейін 10 мыңға жуық адам қоныс аударады.
Қазаққа туған жердің қай бұрышы да ыстық. Бірақ кейде жаңа өмір бастау үшін орныңды ауыстыруға тура келеді. Биыл мыңдаған адам дәл осы шешімді қабылдап, ел ішінде қоныс аударып жатыр. Оның ішінде жартысына жуығы — тарихи Отанына оралған қандастар.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, шілде айының басына дейін 2 202 адам оңтүстіктен солтүстікке көшіп келсе, оның 1 091-і – шетелден келген қандастар. Қалғаны – өз еліміздің азаматтары.
Неліктен көшіп жатыр?
Себебі мемлекет жаңа аймаққа қоныс аударғандарға мықты қолдау көрсетеді. Мысалы:
• көшуге бір реттік төлем – 70 АЕК (300 мың теңгеге жуық);
• үй жалдауға және коммуналдық төлемдерге – 12 ай бойы ай сайын 15-30 АЕК көлемінде көмек;
• қысқа мерзімді оқыту, жұмысқа орналастыру, жеке кәсіп ашуға қолдау;
• тіпті жұмыс берушіге – 400 АЕК (1,7 млн теңгеден астам) субсидия төленеді, егер ол көшіп келген адамды тұрақты жұмысқа алса.
Қай өңірлерге қоныстанып жатыр?
Ең көп адам барған аймақтар:
• Павлодар — 672 адам
• Солтүстік Қазақстан — 532
• Қостанай — 330
• Ақмола — 215
• Шығыс Қазақстан — 214
• Абай облысы — 145
• Атырау — 90
• Ұлытау — 4 адам
Ал қандастардың көбі Өзбекстан (396 адам), Моңғолия (310), Қытай (286), Ресей (52) және басқа елдерден (47) келген.
Шынайы өмірден мысал:
Тамара Айнаддинова — қоныс аударудың мүмкіндігін тиімді пайдаланған жандардың бірі. Ол Жамбыл облысынан Солтүстік Қазақстанға көшіп келіп, химия пәнінің мұғалімі ретінде Келлеровка ауылындағы мектепке жұмысқа тұрды. Қазір декреттік демалыста.
— Көшіп келу оңай шешім емес. Бірақ мемлекет ұсынған бағдарлама нақты көмек көрсетті. Баспана мен қаржы жағы шешілді. Жұмысты да өз мамандығым бойынша таптым. Осы жақта отбасын құрдым, — дейді ол.
Биылғы жоспар – 10 мыңға жуық адамды қоныстандыру.
Яғни бұл — тек әлеуметтік көмек емес, сонымен бірге еңбек ресурстарын теңестірудің нақты жолы. Жұмыс күші артық оңтүстік облыстардан жұмыс күші тапшы солтүстік аймақтарға осылайша жаңа тыныс берілмек.
RUS