Тәжікстан қазақстандық жастарға 100 білім грантын ұсынды
Қазақстандық талапкерлер үшін жақсы жаңалық!
SMARTNEWS.KZ басылымы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды, Тәжікстанның жоғары оқу орындары 2025–2026 оқу жылына 100 білім грантын бөлді.
Бұл бастама Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім негізінде жүзеге асырылып отыр.
Гранттар мынадай бағыттар бойынша ұсынылады:
• бакалавриат – 70 орын
• магистратура – 20 орын
• үздіксіз медициналық білім беру – 10 орын
Оқу тілі – тәжік немесе орыс тілі.
Грант аясында тегін оқу, ай сайын стипендия және медициналық қызмет көрсетіледі. Алайда жолақы мен жатын орын секілді шығындар студенттің жеке есебінен төленеді.
Құжаттар 10 шілдеден 5 тамызға дейін қабылданады.
Іріктеу әңгімелесу арқылы жүргізіледі. Артықшылық жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жастарға, көпбалалы отбасынан шыққан және ауылдық жерде тұратын талапкерлерге беріледі.
Қорытынды шешімді қабылдайтын – Тәжікстан тарапы.