449

Қазақстанда халықаралық жүргізуші куәліктері берілмейді

Алматы қалалық Полиция департаменті азаматтарға ескерту жасады.

Қазақстанда халықаралық жүргізуші куәліктері берілмейді
gov.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қалалық Полиция департаменті азаматтарға халықаралық жүргізуші куәлігін ресми емес жеке ұйымдардан, туристік агенттіктерден немесе онлайн платформалардан рәсімдемеуге кеңес берді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

ПД мәліметінше, халықаралық жүргізуші куәлігі (ХЖК) – 1968 жылғы Вена конвенциясына қол қойған елдерде көлік басқару құқығын растайтын құжат. Алайда Қазақстанда қазіргі таңда мұндай куәліктер берілмейді.

Алматы қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының процессинг орталығының бастығы Айдын Меркімбаевтың айтуынша, “Ішкі істер органдары туралы” заңның 6-бабына сәйкес, жүргізуші куәліктерін беру – тек ішкі істер органдарының құзырында.

– Азаматтар күмәнді сайттар мен делдалдарға алданып, заңсыз жолмен куәлік алуға тырысып жатыр. Мұндай құжаттар заңды күшке ие емес, – деді ол.

ХЖК ұлттық жүргізуші куәлігінің орнын алмастырмайды, тек оның ресми аудармасы ретінде қарастырылады. Ол көбінесе шетелде автокөлікті жалға алу, шекарадан жеке көлікпен өту, жол полициясына құжаттарды көрсету немесе сақтандыру рәсімдеу кезінде қажет болуы мүмкін.

Айта кетейік, халықаралық жүргізуші куәлігін алу үшін қайта емтихан тапсыру немесе оқу қажет емес.

Полиция азаматтарды алаяқтық әрекеттерден сақ болуға шақырады. Күмән туындаған жағдайда ресми ақпарат алу үшін ішкі істер органдарына жүгіну ұсынылады.