Трамп: Patriot зымырандарын НАТО арқылы Украинаға жеткіземіз
Patriot – әлемдегі ең озық әуе қорғаныс жүйелерінің бірі.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға Patriot әуе шабуылынан қорғаныс жүйелері НАТО арқылы берілетінін мәлімдеді. Бұл туралы ол CBS News арнасына берген сұхбатында айтты.
«Біз Patriot жүйелерін НАТО-ға береміз, содан кейін оларды альянс өзі бөледі. НАТО жүйелер үшін төлем жасайды», – деді Трамп.
Patriot – әлемдегі ең озық әуе қорғаныс жүйелерінің бірі. Соңғы уақытта Ресей түнгі зымыран соққылары мен дрон шабуылдарын күшейткен.
Украина президенті Владимир Зеленский бұған дейін Римде өткен Украинаға көмек жөніндегі конференцияда сөз сөйлеп, Германия екі Patriot жүйесін қаржыландыратынын, ал Норвегия тағы біреуін жеткізуге уәде бергенін хабарлаған. Сондай-ақ, басқа еуропалық елдер де көмектесуге дайын екендерін мәлімдеді.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың сөзінше, Украинаға қажет кейбір американдық қарулар Еуропадағы одақтас елдердің қоймаларында бар. Оларды тез арада Украинаға жіберіп, орнына АҚШ-тан жаңасын сатып алуға болады.
«Германиядан Украинаға қару жіберу – АҚШ-тағы зауыттан шығарғаннан әлдеқайда жылдам», – деді Рубио.
Санкциялар мен «Чистое небо» жобасы
АҚШ Сенатында Ресейге қарсы жаңа ауыр санкциялар туралы заң жобасы қаралып жатыр. Онда Ресей мұнайын, газын, уранын және басқа да тауарларын сатып алатын елдерге 500% кедендік баж салығы салу көзделген. Бұл, әсіресе, Қытай мен Үндістанға бағытталған, өйткені олар Ресейдің энергетикалық саудасының 70%-ын қамтиды.
Сонымен қатар, Киев билігі «Чистое небо» атты дрондарға қарсы ұлттық жүйе құруды бастады. Жобаға 260 млн гривна (шамамен 5,3 млн еуро) бөлінген. Бұл қаржы дрон-қаққыштар, операторларды оқыту және мобильді топтар құруға жұмсалады.
Зеленскийдің айтуынша, украин ғалымдары ирандық «Шахедтерге» қарсы тиімді шешім тапқан, енді бұл бастаманы кеңейту үшін халықаралық қаржыландыру қажет.
Материал авторы