1014

Қыз ұзату уланумен бітті: Тойхана иесіне айыппұл салынды

Қонақтар жаппай уланып қалған.

Қыз ұзату уланумен бітті: Тойхана иесіне айыппұл салынды
көрнекі сурет 2gis.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодарда қонақтар жаппай уланған мейрамхананың иесіне айыппұл салынды.

Павлодарда бірнеше адам "Bellagio" мейрамханасында тамақтан кейін уланып қалған. Бұл жайттан кейін мекемеге қатысты санитарлық талаптарды бұзу дерегі бойынша іс қозғалды.

Павлодар қалалық әкімшілік сотының мәліметінше, 8 маусымда жедел жәрдем қызметі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жаппай улану туралы хабар берген. Сол күні эпидемиологиялық тексеру басталып, зертханалық сынамалар алынған.

Тексеру кезінде мейрамхананың тиісті рұқсатсыз жұмыс істеп жатқаны және оған 9 маусымда қызметін тоқтату туралы ресми тыйым салынғанына қарамастан, жұмысын жалғастыра бергені анықталған. Салдарынан сол күні 18 адам жедел ішек инфекциясымен тіркелді.

Сот отырысында мейрамхана иесі кінәсін толық мойындап, бұл жағдайды алғаш рет әрі абайсыздықпен болған деп түсіндірген.

Нәтижесінде сот кәсіпкер Ж.-ны кінәлі деп танып, ҚР ӘҚБтК 462-бабы 3-бөлігіне сәйкес 275 240 теңге айыппұл және "Bellagio" мейрамханасының қызметін 1 айға тоқтату жазасын тағайындады.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ.

Материал авторы