1204

Қазақстан чемпионатындағы дау: Ольга Рыпакова баласымен келген спортшыны қолдады

Азия чемпионы баласымен келгені үшін қонақүйге кіре алмаған.

Қазақстан чемпионатындағы дау: Ольга Рыпакова баласымен келген спортшыны қолдады
Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлау орталығында (ОДО) өтіп жатқан жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионаты дау-дамаймен басталды. Азия чемпионы Мария Ефремова екі жасар баласымен келгені үшін орталықтағы қонақүйге кіре алмай қалған.

Спортшының айтуынша, күйеуі, жеңіл атлет Давид Ефремов және баласымен бірге чемпионатқа қатысуға келгенде, кешкі сағат 22:00 шамасында қонақүйден қуылған. Ефремова қонақүй басшылығынан бұл шешімнің себептерін түсіндіретін ресми құжат сұрағанымен, жауап ала алмаған.

«Кейбір спортшылардың баласымен бірге орналасып жатқанына қарамастан, бізді қуып шықты. Жарыс өте ауыр психологиялық күйде өтті», – деді ол әлеуметтік желіде.

Ал ОДО баспасөз қызметі ішкі ережелерді алға тартып, спорттық іс-шараларға қатысы жоқ тұлғалар, оның ішінде балалар қонақүйде тұра алмайтынын мәлімдеді. Мұндай тыйым қауіпсіздік талаптарымен түсіндірілді. Алайда Ефремова регламентті көрсетуді сұрағанда, ешқандай құжат берілмеген.

Бұл жағдайға байланысты жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы және федерация президенті Ольга Рыпаковапікір білдірді.

«Мұндай тыйым туралы алғаш естіп тұрмын. Егер ереже бар болса, неге ешкім көрсете алмады?», – деді ол Tengri Sport-қа берген сұхбатында.

Рыпакова аналық пен спортты қатар алып жүрген спортшыларды қолдау керек екенін атап өтті. Ол өзі де балалары болғанына қарамастан, жаттығу жиындарына қатысқанын еске салды.

«Спортшы аналар – нағыз ерлік иелері. Оларды шеттету емес, қолдау қажет. Біз осылайша спорттағы сабақтастықты, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын дәстүрді сақтай аламыз», – деді ол.

Айта кетейік, Рыпакованың қызы Анастасия да ұлттық құраманың мүшесі.

Материал авторы