987

«Түн ортасында аулада отыр»: Ақмолада мүгедектігі бар әйел туыстарына ренжіп үйден кетіп қалған

Әйелдің құлағының мүкістігі бар, сөйлеуі тежелгені айтылды.

«Түн ортасында аулада отыр»: Ақмолада мүгедектігі бар әйел туыстарына ренжіп үйден кетіп қалған
pngtree.com

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақмола облысының Бұланды ауданында бір тәулікке жуық уақыт бойы іздестірілген мүгедек әйел аман-есен табылды. Полиция мәліметінше, ол ауыл шетіндегі қараусыз қалған ғимараттардың бірінде болған.

Оқиға 8 шілде күні болған. Ауыл тұрғыны полицияға ІІ топтағы мүгедек әпкесінің жоғалып кеткенін айтып, көмек сұраған. Әйел түнгі 02:30 шамасында үйдің ауласынан белгісіз бағытта кетіп, қайта оралмаған.

«Науқастың есту қабілеті нашар, сөйлеуі тежелген. Дегенмен, белсенді өмір салтын ұстанады – дүкенге өзі барып, серуендеп, жақындарымен араласады», – делінген ПД хабарламасында.

Белгілі болғандай, әйел жоғалардан бір күн бұрын туыстарына ренжіп қалған. Олар оған салтанатты шараға орай кірпік жалғау шеберіне апарамыз деп уәде бергенімен, уәделерін орындамаған. Осыдан кейін ол тамақ ішуден және сөйлесуден бас тартып, аулада ұзақ отырған.

«Түн ортасында соңғы рет аулада отырғанын көргенбіз. Таңғы екі жарымда қайта қарағанда, ол жерде болмады», – дейді туыстары.

Полиция дереу дабыл қағып, жеке құрамды түгел жұмылдырған. Іздеу жұмыстары аясында ауыл ішіндегі үйлер, саяжайлар, қонақүйлер, такси және қоғамдық көлік жүргізушілері түгел тексерілді.

Нәтижесінде, келесі күні таңғы 4 шамасында іздеу тобы әйелді ауыл шетіндегі қараусыз ғимараттың ішінен тапты. Оның жағдайы қалыпты, медициналық көмек қажет етпеді.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор