SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қостанай қаласындағы Қазақстан Президентінің бұрынғы резиденциясы жыл соңына дейін балаларға арналған оңалту орталығына айналады. Бұл туралы 24.kz арнасы жеткізді.
Орталықта жүйке жүйесі мен тірек-қимыл аппараты бұзылған 1,5 жастан 18 жасқа дейінгі балалар ем қабылдай алады. Қостанай өңірінде мұндай диагнозы бар үш мыңнан астам бала тіркелген.
Балалармен дефектологтар, логопедтер және реабилитологтар жұмыс істейтін болады. Емдік-оңалту курсы үш аптаға созылады. Жылына 1200 балаға дейін қабылдау жоспарланып отыр.
Жеті ғимаратты реконструкциялау жұмыстарына 350 миллион теңге бөлінді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаж жұмыстарының 80 пайызы аяқталған. Медициналық және тұрмыстық бөлмелер заманауи жиһазбен және жоғары технологиялы құралдармен жабдықталады.
«Мысалы, локомат деген құрылғы болады. Бұл – баланың қозғалу параметрлерін есептеп, арнайы тіреу арқылы жүруіне мүмкіндік беретін заманауи құрылғы. Бірақ біздің басты мақсатымыз – тек емдеу емес, баланы қоғамға бейімдеу, оның әлеуетін ашу», – деді Қостанай облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Әлия Мекебаева.
RUS