Алматыдағы ірі жол апатынан 23 адам зардап шекті
3 жеңіл көлік, автобус пен жүк көлігі бір-бірімен соғысып, үлкен апат болды.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы қаласының Алатау ауданында 15 шілде күні сағат 18:10 шамасында ірі жол-көлік оқиғасы болды. Апат салдарынан 23 адам түрлі дене жарақатын алды. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаменті хабарлады.
Оқиға Бурундай тас жолында болған. Полицияның мәліметінше, МАЗ маркалы жүк көлігінің жүргізушісі шығыс бағытта келе жатып, рөлге ие бола алмай, жол бойында қатар келе жатқан Mercedes және KIA Sportage көліктеріне соқтығысқан. Бұдан кейін ол қарсы бағытқа шығып кетіп, №10 бағыттағы жолаушылар автобусымен Subaru автокөлігіне соққан.
«Жол апаты салдарынан 23 адам зардап шекті. Олардың арасында автобус жолаушылары мен KIA Sportage көлігінің жүргізушісі бар. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу басталды», — делінген Алматы қаласы полиция департаментінің хабарламасында.
Оқиға орнына жедел жәрдем бригадалары, құтқарушылар мен полиция қызметкерлері жұмылдырылған. Зардап шеккендер қаладағы ауруханаларға жеткізілді. Олардың жағдайы нақтылау сатысында.
Айта кетейік, Алатау ауданы бұған дейін де жол-көлік оқиғаларымен жиі тіркеліп келген. Биыл сәуір айында дәл осы ауданның Бурундай және Жаңа көшелерінің қиылысында жүк көлігі жаяу жүргіншілер жолағынан өтіп бара жатқан жеті жасар қыз баланы қағып кетіп, ол оқиға орнында қаза тапқан болатын.
Қазіргі таңда мамандар апат себептерін, соның ішінде жүк көлігінің техникалық жағдайын және жүргізушінің әрекеттерін анықтап жатыр.
Материал авторы