SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қытайлық инвесторлар Қарағандыда қоқыс жағатын және одан электр энергиясын өндіретін заманауи зауыт салуды жоспарлап отыр. Мұндай өндіріс Алматыда да қолға алынуы мүмкін.
Жобаға сәйкес, кешен жылына 200 мың тоннаға дейін қатты тұрмыстық қалдықты өңдеп, сағатына 20 мегаватт электр қуатын өндіре алады. Жобаны жүзеге асырумен «ГорКомТранс города Караганды» ЖШС мен Қытайдың Shangxi CG Construction Group Co., Ltd компаниясы айналысады.
Зауыт қаланың қолданыстағы қоқыс полигонының аумағында бой көтереді. Жобаға сай, онда атмосфераға зиянды заттардың таралуын шектейтін көпсатылы сүзгі жүйесі орнатылады. Бұл жүйе диоксиндер, ауыр металдар мен шаң-тозаң деңгейін автоматты түрде қадағалап отырады.
Кәсіпорын тұрақты түрде 50 адамды жұмыспен қамтымақ, ал құрылыс кезеңінде 100-ге жуық жұмысшы тартылатын болады. Қазір техникалық-экономикалық негіздеме аяқталуға жақын, қаржыландыру көздері де іздестіріліп жатыр.
«ГорКомТранс» директоры Марат Бимаганбетовтың айтуынша, бұл жоба қалдықтарды сұрыптаудан бастап, қауіпсіз жоюға дейінгі тұйық цикл қалыптастыруға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, энергия өндіру мүмкіндігі бар.
Айта кетейік, бұған дейін осындай ірі жоба Алматыда да жүзеге асырылады деп хабарланған. Жоспар бойынша, 2029 жылға қарай қаладағы қалдықтардың 80 пайызы өңделіп, тәулігіне 60 мегаваттқа дейін энергия өндіріледі. Алматыдағы зауыт құрылысына салынатын инвестиция көлемі — 270 миллион доллар. Құрылысы биылғы жазда басталмақ.
RUS