SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Жетісу облысы, Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында әйелдің аса қатыгездікпен өлтірілуі қоғамда үлкен резонанс тудырды.
32 жастағы Айзат Жұманова ауыр дене жарақаттарынан көз жұмған. Марқұмның туыстарының айтуынша, ол бірнеше сағат бойы азапталған. Ең сорақысы — осы жантүршігерлік жағдай оның екі жасар қызының көз алдында болған.
Күдікті ретінде оның жолдасы Айбар Жанболат ұсталды. Туыстарының мәліметінше, ол әйелін арқанмен атты ерттеп, далада сүйреген. Қатты соққыдан Айзаттың басы, миы, жамбас сүйегі мен аяқ-қолы сынған. Денесінде көптеген жарақат пен жұлынған жерлер бар, ал білегіндегі теріге дейін сыпырылып кеткен.
Айбар Жанболаттың бастапқы берген түсінігіне сай, әйелі екінші қабаттан селфи жасап жатқанда абайсызда құлап кеткен. Алайда туыстары мұны жалған деп санайды және оның қасақана азаптап өлтірілгеніне сенімді.
– Денесінде сау жер қалмаған. Жылап жібердік. Анам есінен танып қалды. Біз оны өлгеннен кейін жуып, қан іздерін жасыруға тырысқанын бірден түсіндік, – дейді марқұмның әпкесі.
Қазіргі таңда Қылмыстық кодекстің 106-бабының 3-бөлігі бойынша ("денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, абайсызда өлімге әкеп соққан") іс қозғалды. Бірақ марқұмның туыстары бапты "ерекше қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру" деп өзгертіп, істі қайта саралауды талап етуде.
Айзаттың кішкентай қызы психологиялық күйзеліс жағдайында. Жақындарының айтуынша, ол үндемейді, қараңғылықтан қорқады және жиі «мамамды беріңдер» деп жылайды.
Белгілі болғандай, күдікті бұған дейін Қапал ауылдық округінің әкімдігіне сайлауға түспек ниетін білдірген екен.
RUS