763

Израиль Дамасктегі Сирия Қарулы күштері Бас штабына шабуылдады

Израиль енді Сирияға шабуылды бастады.

Израиль Дамасктегі Сирия Қарулы күштері Бас штабына шабуылдады
Louai Beshara/AFP/Getty Images

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Израильдің қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) Сирия астанасы Дамаскіде орналасқан Қарулы күштердің Бас штабына әуе шабуылын жасады. Бұл туралы 16 шілде күні ЦАХАЛ-дың ресми Telegram арнасы мәлімдеді.

Мәлімдемеде айтылғандай, шабуыл Сирияның оңтүстігіндегі бедуин-сүнниттер мен друздар арасындағы қақтығыстарға және осы жағдайға араласқан үкіметтік күштерге байланысты жасалған. Израиль тарабы бұл әрекетті бейбіт тұрғындарды — атап айтқанда, друздарды қорғау деп түсіндірді.

«ЦАХАЛ аймақтағы жағдайды мұқият бақылауда ұстап отыр. Біздің әрекеттер саяси басшылықтың нұсқаулығына сәйкес жүргізілуде. Біз түрлі сценарийге дайынбыз», – делінген израильдік армияның хабарламасында.

Әуе соққысының салдары

Сириядағы адам құқықтарын бақылау жөніндегі кеңестің (Лондонда орналасқан бақылау тобы) хабарлауынша, әуе соққылары салдарынан екі адам жарақат алған. Жарылыстар тікелей Бас штаб ғимараты маңында болған. Сонымен қатар, Reuters агенттігі Дамасктегі президент сарайының маңында да израильдік соққы болғанын хабарлады.

Бақылаушылардың айтуынша, друз қауымы ЦАХАЛ-дың аймақтағы одақтасына айнала бастаған. Көптеген друздар Израиль армиясы жағына ерікті болып қосылып жатыр.

Сирияның оңтүстігіндегі ахуал

13 шілдеде Сирияның оңтүстік-батысында бәдеуи-сүнниттер мен друздар арасында қақтығыс басталған. 14 шілдеде Дамаск билігі жағдайды тұрақтандыру үшін аймаққа әскери бөлімшелер жібергенін мәлімдеді. Алайда құқық қорғаушылар армияны жергілікті тұрғындарды жаппай жазалады деп айыптауда.

Адам құқықтарын қорғау ұйымының мәліметі бойынша, соңғы 48 сағатта кемінде 135 адам қаза тапқан, оның ішінде екі әйел мен екі бала бар. Сирия ІІМ болса, 30 адамның қазасын растаған.

15 шілдеде Сирияның уақытша үкіметіндегі қорғаныс министрі Мурхаф Абу Касра жергілікті лидерлермен атысты тоқтату туралы келісімге қол жеткізілгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, үкіметтік күштер енді тек шабуылға жауап ретінде әрекет етеді.

Бәдеуилер мен друздар арасындағы тарихи жанжал

Сирияның оңтүстігіндегі бәдеуилер мен друздар арасындағы жанжал бір күнде басталған жоқ. Бұл этникалық және діни шиеленістер жылдар бойы жиналған. Азаматтық соғыстан кейінгі билік ауысуы елдегі аз ұлттардың қауіпсіздігіне байланысты алаңдаушылықты күшейтті.

Сәуір-мамыр айларында да осы аймақтағы друз қарулы топтары мен үкімет әскері арасындағы қақтығыстар ондаған адамның өліміне әкелген еді. Сол кезде де Израиль армиясы Сирияның әскери нысандарына соққы жасап, кейін бұл шиеленісті бәсеңдету үшін бірнеше келісім жасалған болатын.


Материал авторы