829

Түркияның Сыртқы істер министрі: «Израиль бейбітшілік пен тұрақтылықты қаламайды»

Хакан Фидан Израиль Палестинамен тоқтамай, мұсылман елдерінің бәрін қырып салмақ дейді.

Түркияның Сыртқы істер министрі: «Израиль бейбітшілік пен тұрақтылықты қаламайды»
Reuters / Биньямин Нетаньяху

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркия Сыртқы істер министрі Хакан Фидан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысында Израильдің әрекеттерін өткір сынға алып, Газа секторындағы жағдайды «адамзаттың ұжданын сынға салатын трагедия» деп атады.

 

Фиданның айтуынша, Израиль Палестина халқына қарсы жасаған қырғынды тоқтатпай отыр. Оның мәлімдеуінше, екі миллионнан астам адам тығырыққа тірелген: гуманитарлық көмек әдейі бөгелуде, азық-түлік пен су іздеп шыққан бейбіт тұрғындар — әйелдер мен балалар қоса — атылып жатыр.

«Израиль соғыста аштықты қару ретінде қолдануда. Бұл — халықаралық гуманитарлық құқық нормаларының өрескел бұзылуы. Ашық айтуымыз керек: әлем 80 жылдан кейін қайтадан концлагерьлерге куә болып отыр», — деді Фидан.

Ол Израильдің әскери машинасын «жеккөрушілікпен қоректенетін, жазасыздықтан күш алып отырған және белгілі бір державалардың қолдауына сүйенген жүйе» деп сипаттады.

«БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі тек Газа халқына емес, бүкіл адамзат қадір-қасиетіне опасыздық жасады»

Хакан Фидан Газа секторына гуманитарлық көмектің жеті айдан бері кедергісіз жеткізілмей жатқанын атап өтті. Ол көмек тек БҰҰ арқылы және халықаралық құқық нормаларына сай, бейтарап әрі жүйелі түрде жеткізілуі тиіс екенін ескертті.

«Біз ашық айтуымыз керек — Израиль бейбітшілік те, тұрақтылық та қаламайды. Оның агрессиясы Палестинамен шектелмей, Ливан, Сирия және Иранға да ауысып жатыр», — деді Түркия СІМ басшысы.

Оның айтуынша, Сириядағы жағдай да Израиль шабуылдарының салдарынан ушығып отыр. Этностық және конфессиялық шиеленіс күшейіп, бүкіл аймақ тұрақсыздықтың шегіне жеткен.

«Шешім айқын: атысты тоқтату керек»

Фиданның айтуынша, қазіргі Газа дағдарысы гуманитарлық төтенше жағдай ғана емес, бұл — бүкіл адамзаттың ар-ұжданына жасалған сынақ. Ол Израильдің әскери әрекеттерін дереу тоқтатуды, қатаң жауапкершілікке тартуды, атысты біржола тоқтатуды және палестиналықтардың мемлекеттілікке деген заңды құқығын мойындауды талап етті.

«Не бәріміз бірге осы сынақтан өтеміз, не бәріміз бірге ұтыламыз. Қадамдар айқын: атысты тоқтату дереу керек. Дереу көмек беру керек. Екі мемлекетті дереу шешімге келтіру керек», — деп түйіндеді Фидан.

Материал авторы