SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 17 шілде күні Украина Жоғарғы Радасы Юлия Свириденконы елдің жаңа Премьер-министрі ретінде бекітті. Бұған дейін экономика министрі және вице-премьер қызметтерін атқарған шенеуніктің кандидатурасын 262 депутат қолдады. 22 депутат қарсы шықса, тағы 26-сы дауыс беруден бас тартты. 22 депутат мүлде дауыс бермеді.
Юлия Свириденко Денис Шмыгальдің орнына келді. Ол Украина үкіметін 2020 жылдың наурызынан бастап басқарған еді. Бір күн бұрын Жоғарғы Рада оның отставкасын толық мақұлдады.
Президент Владимир Зеленский 16 шілдеде Шмыгальді Украина Қорғаныс министрі етіп тағайындауға ұсыныс жасағанын мәлімдеді. Сол күні мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойған.
Жаңа үкіметті таныстыру кезінде Зеленский Украина мен АҚШ арасында алдағы уақытта маңызды келісімдерге қол қойылатынын айтты. Президенттің сөзінше, бұл құжаттар елдің қорғаныс саласын нығайтуға бағытталған. Сонымен қатар ол жаңа министрлер кабинетіне қолданыстағы қорғаныс келісімшарттарына аудит жүргізіп, қару-жарақ пен әскери техниканың кемінде жартысын Украина аумағында өндіру міндетін жүктемек.
Жоғарғы Раданың шешімімен Юлия Свириденко ресми түрде Украина тарихындағы алғашқы әйел премьер-министрлердің бірі атанды.
RUS