SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов пен өңірлік су шаруашылығы мекемелерінің басшылары селекторлық режимде қатысты.
Биыл аймақта ауыл шаруашылығы дақылдары 189,4 мың гектар алқапқа егілді. Алайда 2025 жылғы вегетациялық кезең ерекше күрделі жағдайда өтіп жатыр. Егістіктерді сумен қамту үшін бекітілген лимит – 3,9 млрд текше метр.
Қазіргі таңда Сырдария өзенінен алынған су көлемі 2,5 млрд текше метрге жетсе, соның 2 миллиарды егістік алқаптарға жіберілген. Ағыс бағытымен жоғарыдан секундына 401 текше метр су келіп жатса, шаруашылықтарға каналдар арқылы жоспарланған 453,9 текше метрдің орнына нақты 340,5 текше метрі ғана жетіп отыр.
Суды үнемді әрі тиімді пайдалану мақсатында Үкімет пен тиісті министрліктер кешенді шаралар қабылдауда. Атап айтқанда, екінші рет пайдалануға арналған қашыртқы суларды қайта айналымға қосу үшін облыс көлемінде 238 су сорғысы іске қосылған. Бұл құрылғылардың 25-і – Төтенше жағдайлар министрлігінің қолдауымен жеткізілген.
Қалыптасқан ахуалды ескеріп, өңірде арнайы жұмысшы топтар құрылып, шаруашылықтар арасында түсіндіру жұмыстары кең көлемде жүргізілуде. Магистральді және шаруашылықаралық каналдар бойынша су кезекпен беріліп, бекітілген кесте қатаң сақталуда.
Сонымен қатар суды үнемдеу бағытында нақты нәтижелер бар. 60 мың гектар күріш алқабы лазерлік тегістеуден өтіп, суды тиімді жұмсауға жол ашты. Бұған қоса, заманауи су үнемдеу технологиялары қолданылатын жер көлемі 8,1 мың гектарға дейін өсіп, өткен жылмен салыстырғанда екі есе артты.
Аймақтағы вегетациялық кезең барысы күн сайын жіті бақылауға алынып, қажетті шаралар жүйелі түрде жүргізілуде.
RUS