SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астана қаласындағы Тұрар Рысқұлов көшесіндегі «Абырой» тұрғын үй кешенінің аумағында құрылыс краны құлап, жұмысшы көз жұмды. Қайғылы оқиға 18 шілде күні кешкісін, шамамен сағат 20:07-де тіркелген. Оқиға сәті әлеуметтік желіде таралған видеодан көрініс тапты.
Куәгерлердің айтуынша, мұнара краны күшті желдің салдарынан аударылған. Апат орнында болған жұмысшы ауыр жарақат алып, оқиға орнында жан тапсырған.
Оқиғаға байланысты түсініктеме берген BI Group құрылыс компаниясы кранның техникалық ақауы болмағанын айтты.
«Кран техникалық тұрғыда жарамды болатын. Жұмыс күні басталар алдында барлық стандартты тексеруден өтті. Қайғылы жағдай орын алған кезде кран операторы жұмысын аяқтап жатқан. Өкінішке қарай, апат салдарынан бір адам қаза тапты. Ауа райына байланысты дауылды ескерту ТЖ қызметінен тек оқиғадан кейін келіп түсті. Қаза болған азаматтың туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз», – делінген компания хабарламасында.
BI Group марқұмның отбасына жан-жақты көмек көрсетілетінін де мәлімдеді.
«Қазір оқиға орнында құзырлы органдар мен төтенше жағдайлар қызметі жұмыс істеуде. Біз тергеу нәтижелеріне сәйкес қажетті шаралардың барлығын қабылдаймыз. Қаза тапқан адам – мердігер компанияның жұмысшысы», – деді құрылыс компаниясы өкілдері.
RUS