SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ-тың Түркиядағы елшісі Томас Баррак Израиль мен Сирия тараптары атысты тоқтату жөнінде уағдаласқанын жеткізді. Бұл жөнінде дипломат өзінің Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
«ТАРИХИ КЕЛІСІМ! Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мен Сирия президенті Ахмед әл-Шараа, АҚШ-тың қолдауымен, атысты тоқтату туралы келісімге келді. Бұл қадамды Түркия, Иордания және өңірдегі өзге көршілес елдер қолдады.
Біз друз, бәдуин, сүннит қауымдастықтарын қару тастап, басқа аз ұлттармен бірге бейбіт және біртұтас Сирияның болашағын бірге құруға шақырамыз», - деп жазды Томас Баррак.
Айта кетейік, Израиль мен Сирия арасындағы жағдай осы аптаның ортасында шиеленісіп кеткен еді. Бастапқыда Сирия ішінде друздар мен бәдуиндер арасында қақтығыс туындап, оған кейін үкімет әскері араласқан. Осыдан соң Израиль билігі өз шекарасына жақын маңдағы зорлық-зомбылыққа жол бермейтінін мәлімдеп, Сириядағы бірқатар әскери нысандарға әуе соққыларын жасаған болатын.
RUS