1099

«Туалеттің жағдайын көрсеттім өздеріңе»: Бақтияр Артаев қоластындағы спорт басшыларына қатаң сөгіс жариялады (ВИДЕО)

Белгілі болғандай директорлар жылдық бюджетті жыл бітпей жатып оңды-солды жұмсаған көрінеді. Сол үшін «жетінші айда ақша бер деп сұрайын деп отырған әріптесіме мен өз басым таңғалып отырмын» дейді Артаев.

«Туалеттің жағдайын көрсеттім өздеріңе»: Бақтияр Артаев қоластындағы спорт басшыларына қатаң сөгіс жариялады (ВИДЕО)
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының директоры Бақтияр Артаев мемлекеттік қаржыны мерзімінен бұрын және мақсатсыз жұмсаған спорт ұйымдарының басшыларына қатаң сөгіс жариялады. Бұл туралы басқарманың Instagram парақшасы мәлімдеді.

Басқарма жүргізген талдау нәтижесінде 10-нан аса спорт мекемесінің алты ай ішінде жылдық бюджеттің 75%-дан астамын бейберекет жұмсап тастағаны анықталған. Артаев мұндай әрекеттер спорт саласының дамуына кедергі келтіретінін айтып, қаржыны жоспарлы әрі тиімді игеру керектігін ескертті.

«Ақшаның бәрін жылдың ортасына дейін жаратып тастап, жетінші айда ақша бер деп сұрайын деп отырған әріптесіме мен өз басым таңғалып отырмын. Жарты жылға тең бөлінуі керек. Қалай сендер ақшаның 90 пайызын меңгересіңдер?! 60/40 пайыз қылып қалдыру керек. Сіздерге ескертемін қазір. Ақшаны дұрыс емес есептеген болсаңыздар, онда мен тексеремін оны. 

Енді жыл соңына дейін не істейсіздер? Балаларды жарыстарға қалай жібересіздер? Егер заңбұзушылық дәлелденсе, іс құқық қорғау органдарына тапсырылады», – деді ол.

Бұдан бөлек, Артаев аймақтағы спорт нысандарында жоспарлы жөндеу жұмыстарын уақытында жүргізбеген мекеме директорларына да қатаң сөгіс жариялады. Оның айтуынша, жыл басында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес барлық аудандағы спорт мектептеріне тексеру жүргізілген. Жуынатын бөлмелердің жағдайы, ғимараттардың тозуы және тазалық мәселесі сын көтермейтіні анықталып, тиісті тапсырмалар берілгенімен, кейбір нысандарда жөндеу жұмыстары жазға дейін кешіктірілген.

«Мен сіздерге барған кезде өздеріңізге айттым, туалеттің жайын, тазалығын айттым. Көзбе-көз көрсетіп айттым. Бір ай негізі жеткілікті жөндеу жұмысына. Мен енді сіздерді қыркүйекке дейін күтпейтін шығармын?! Түсініктеме жазыңыздар. Тапсырманы уақытылы орындаңыздар. Сіздерге жаза қолданып, сөгіс жариялап абырой таппаймын. Берілген жұмысты уақытылы істеу керек!», – деп түйіндеді Бақтияр Артаев.

Материал авторы