603

Әзербайжан басшысы Ақтаудағы ұшақ апаты үшін Ресейді халықаралық сотқа бермек

Әлиев ұшақтың әдейі әуе шабуылына ұшырағанын меңзеді.

Әзербайжан басшысы Ақтаудағы ұшақ апаты үшін Ресейді халықаралық сотқа бермек
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ақтауға жақын маңда орын алған ұшақ апатына байланысты Ресейге қарсы халықаралық сотқа шағым түсіретінін мәлімдеді. Бұл туралы ол баспасөз мәслихатында айтты.

2024 жылдың 25 желтоқсанында «Azerbaijan Airlines» әуе компаниясының Баку – Грозный бағытындағы 8243 рейсі Каспий теңізінің жағалауында, Ақтау қаласына жақын жерде апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапқан еді.

Апаттан үш күн өткен соң Ильхам Әлиев халыққа үндеу жасап, ұшақтың Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесімен атып түсірілгенін мәлімдеген. Ол бұл әрекет әдейі жасалды демесе де, «оқиға анық жасалған» деген баға берген.

Содан бері жеті ай өтсе де, Мәскеу Әзербайжан қойған талаптарға нақты жауап бермеген. Осыған байланысты ресми Баку халықаралық сот инстанцияларына жүгінуге шешім қабылдаған. Әлиевтің айтуынша, Әзербайжан тарапы Ресейден үш талап қойған: кінәні мойындау, кінәлілерді жауапқа тарту және қаза тапқандардың отбасыларына өтемақы төлеу, сондай-ақ AZAL компаниясына келген материалдық шығынды өтеу.

«Ресейлік ресми тұлғалар не болғанын жақсы біледі. Біз де білеміз. Бірақ олар көрші ел ретінде өзіне тиісті жауапкершілікті алғысы келмейді», – деді Әлиев.

Президенттің сөзінше, Әзербайжанның Бас прокуроры Ресейдің Тергеу комитетіне бірнеше рет сұрау салған, алайда әзірге тек «тергеу жалғасып жатыр» деген қысқа жауап алған.

Әзербайжан тарапы Ресейге талап-арыз бойынша досье әзірлеп жатқаны туралы ресми түрде хабарлаған. Әлиев халықаралық әділдікті орнатуға қанша уақыт қажет болса да күтуге дайын екенін білдірді:

«Malaysia Airlines-тың MH370 рейсі он жылдан бері тергеліп жатыр. Біз де он жыл күтсек те, әділет орнауы керек».

2024 жылдың 4 ақпанында Әзербайжан үкіметі апатқа байланысты алдын ала ресми есеп жариялаған. Онда ұшақ Ресейдің «Панцирь-С» әуе шабуылына қарсы жүйесімен атып түсірілгені көрсетілген. Бұл ақпаратты 26 желтоқсанда-ақ үкіметтегі дереккөздер растаған болатын.

Әзербайжан президентінің бұл мәлімдемесі оның Украинаға көрсетіп отырған тұрақты қолдауын қайталап айтқан сәттен бірнеше сағаттан кейін жарияланды.

Материал авторы