SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев украин халқын өз жерінің оккупациясымен ешқашан ымыраға келмеуге шақырды. Бұл туралы ол Шуша қаласында өткен III Жаһандық медиафорум аясында айтты.
Форумда украин журналисі Дмитрий Гордон Әзербайжан басшысынан Украинадағы соғыс жағдайында ел халқына қандай кеңес берер еді деген сұрақ қойған. Жауап ретінде Әлиев өз елінің тәжірибесін мысалға келтірді:
«Біз де кезінде оккупациямен бетпе-бет келдік. 2003 жылдан бастап 17 жыл бойы түрлі келіссөздер, ұсыныстар мен кездесулер болды. Бізге үнемі: «Шынайылыққа келісіңдер» деген кеңестер айтылды. Бірақ мен «жоқ» дедім. Бұл – күшті елдерге қарсы шыққанмен тең болды. Біздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің армян әскерін шығару туралы төрт қарарына сүйенген уәждеріміз еш нәтиже бермеді. Сонда біз жаңа шындықты өзіміз қалыптастыру керек деген шешімге келдік. Сөйтіп, олар соған көнуге мәжбүр болды», – деді ол.
Президенттің айтуынша, Әзербайжан 2020 жылғы 44 күндік соғыста жаңа шындық орнатып, ал 2023 жылдың қыркүйегінде бар болғаны бір күннің ішінде мәселені толықтай шешкен.
«Сондықтан менің кеңесім: ешқашан берілмеңдер және өз елдеріңнің аумақтық тұтастығын бұзуға көнбеңдер», – деді Әлиев.
Сондай-ақ, ол Зәңгезур дәлізіне қатысты да пікір білдіріп, егер Армения бұл жобаны әдейі бөгей берсе, транзиттік мемлекет болу мүмкіндігінен толық айырылады деп ескертті.
«Соңғы бес жылда армян тарапынан дәлізге қатысты ешқандай нақты жұмыс жүргізілген жоқ. Бұл мәселе күн тәртібінен әдейі алынып тасталып отыр. Егер жағдай осылай жалғаса берсе, Армения тек көлік оқшаулауында ғана емес, саяси тұрғыда да оқшаулануы мүмкін», – деді Әлиев.
RUS