744

«Совет кезіндегі әдістерді қолданып жүр»: Германияда ресейлік шпиондар көбейген

Енді Ресейде туысы барлар қатаң бақылауға алынбақ.

«Совет кезіндегі әдістерді қолданып жүр»: Германияда ресейлік шпиондар көбейген
Fabrizio Bensch / Reuters

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Германияның әскери қарсы барлау қызметі (MAD) Ресей арнайы қызметтерінің шпиондық және гибридті әрекеттері күрт көбейгенін мәлімдеді. Бұл туралы ведомство басшысы Мартина Розенберг айтты.

Оның сөзінше, соңғы бір жылда тыңшылық әрекеттер екі есеге артқан. Ресей тарапы қырғи-қабақ соғыс кезеңіндегі әдістерді қайта қолданып, жаңа құралдармен әрекет етуде.

«Біз шпиондық және гибридтік операциялардың саны күрт өскенін байқадық. Әрекеттер кең көлемде әрі агрессивті түрде жүріп жатыр», — деді Розенберг.

MAD деректеріне сәйкес, Ресей тыңшылары Германиядағы әскери нысандар мен инфрақұрылымға қатысты ақпарат алуға тырысқан. Жеткізу желілеріне диверсиялық әрекеттер ұйымдастырып, тіпті жалған ақпарат тарату, кибершабуылдар жасау және электрондық тосқауылға қарсы қорғалған дрондар ұшыру секілді әрекеттерге көшкен.

Сондай-ақ, ресейлік агенттер Германияға үшінші елдер арқылы кіріп, сенім орнатуға тырысады. Бұл ретте Ресеймен байланысы бар тұлғалар, соның ішінде этникалық немістер мен Ресейде туыстары барлар нысанаға айналуы мүмкін.

«Екі азаматтығы бар немесе Ресейге демалысқа баратын неміс сарбаздары мен азаматтар қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. Олар қысымға ұшырап, ынтымақтастыққа мәжбүрленуі ықтимал», — деп ескертті MAD басшысы.

НАТО-дағы міндеттер және жаңа өкілеттіктер

MAD қызметінің жұмыс ауқымы Литвада неміс әскери бригадасын орналастыру аясында кеңейіп отыр. Жаңа бөлімшеде 5000-ға дейін әскери қызметкер болады. Германия НАТО шеңберінде әскерді логистикалық тасымалдау орталығы болып отырғандықтан, шетелдік барлау агенттіктерінің назарында.

«Шпиондықтан қорғанудың ең тиімді жолы — бұл қауіпке салмақпен қарау, белгілерге мұқият назар аудару және тиісті органдарға уақтылы хабарлау», — деді Розенберг.

Материал авторы