SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп елін Біріккен Ұлттар Ұйымының білім, ғылым және мәдениет жөніндегі агенттігі — ЮНЕСКО-дан шығару туралы шешім қабылдады. Бұл қадам ұйымның «антиамерикандық және антиизраильдік ұстанымдарына» байланысты жасалып отыр.
Ақ үйдің баспасөз қызметі бұл шешім ЮНЕСКО-ның соңғы жылдардағы саясаты мен ұстанымдары АҚШ мүддесіне қайшы келеді деп есептелген соң қабылданғанын хабарлады. Ақ үйдің баспасөз хатшысының орынбасары Анна Келли New York Post-қа берген түсініктемесінде былай деді:
«Президент Трамп АҚШ-тың ЮНЕСКО-дан шығуына шешім қабылдады. Бұл — америкалықтардың қараша айында дауыс берген саясаты мен ақыл-ойға мүлдем қайшы келетін, қоғам арасында алауыздық тудыратын мәдени және әлеуметтік мәселелерді қолдайтын ұйым».
Трамп 2025 жылдың 4 ақпанында АҚШ-тың ЮНЕСКО құрамындағы мүшелігін қайта қарау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Құжатта БҰҰ-ның кейбір құрылымдары бастапқы мақсаты — халықаралық бейбітшілікке қызмет етуден алшақтап, АҚШ-тың ұлттық мүдделеріне қарсы әрекет етуде делінген. Сондай-ақ, Трамп ЮНЕСКО-ны антисемитизмді насихаттаушы, Израильге қарсы пікірлерді қолдаушы ұйым деп бағалаған.
Оның пікірінше, соңғы онжылдықта ЮНЕСКО Израильге қарсы бағытталған шешімдер қабылдап қана қоймай, қаржылық тұрақсыздық пен қарыз мәселесін де шеше алмаған.
Айта кетейік, бұл АҚШ-тың ЮНЕСКО-дан бірінші рет шығуы емес. Бұған дейін 1984 жылы Рональд Рейган, ал 2017 жылы Дональд Трамп осындай шешім қабылдаған. 2023 жылы президент Джо Байден елдің мүшелігін қалпына келтіріп, Қытай ықпалын шектеу үшін қайта қосылған болатын.
RUS