406

Джеймс Бондқа еліктеген британдық азамат Ресейдің пайдасы үшін тыңшылықпен айналысқан

65 жастағы тұрғын Бондқа еліктеп, Ұлыбританияның құпия деректерін Ресейге алып бермек болған.

Джеймс Бондқа еліктеген британдық азамат Ресейдің пайдасы үшін тыңшылықпен айналысқан
Jörg Carstensen / DPA

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 65 жастағы Ұлыбритания азаматы Говард Филлипс Ресейдің пайдасына тыңшылық жасауға әрекеттенгені үшін кінәлі деп танылды. Ол өзін Джеймс Бонд сияқты елестетіп, Ұлыбританияның қорғаныс саласындағы құпия ақпараттарын «ресейлік агенттерге» бермек болған.

Алайда әлгі екі адам Ресейдің емес, Британияның арнайы қызметінің офицерлері болып шықты.

Филлипс бұрынғы қорғаныс министрі Грант Шаппстың жеке байланыс деректері мен оның жеке ұшағы тұрған орынды беруге ниет білдірген. Бұл арқылы Ресей тарапының Ұлыбританияның әскери жоспарларын тыңдауына көмектеспек болған.

Іс Винчестер қаласындағы Корольдік сотта қаралды. Алқабилер төрт сағаттық кеңесуден кейін оны бірауыздан айыпты деп тапты. Қазір Филлипс қамауда отыр, нақты үкім осы күзде шығарылады.

Прокурорлардың айтуынша, Филлипс бұл әрекетке қаржылай пайда табу мақсатында барған. Оның бұрынғы әйелі де сотта куәлік беріп, күйеуінің Бондқа еліктеп, құпия агент болуды армандап жүргенін айтқан.

Корольдік прокурорлар қызметінің лаңкестікпен күрес бөлімінің басшысы Бетан Дэвид бұл үкімнің Ресей пайдасына тыңшылық жасауға талпынатындарға ескерту болатынын мәлімдеді:

«Филлипс өзінің еліне қаншалықты қауіп төндіргенін ойлаған да жоқ. Ол тек пайда тапқысы келді», — деді Дэвид.

Материал авторы