SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп Украинаға НАТО құрамына кіруге рұқсат бермей, Киевті Мәскеумен келіссөзге баруға мәжбүрледі. Бұл туралы The New York Times басылымы жазды.
Газеттің жазуынша, 2025 жылдың ақпанында Ақ үйдегі кездесу кезінде Трамп пен Украина президенті Владимир Зеленский арасында тартысты диалог болған. Сол сәтте Трамп Зеленскийге АҚШ тарапынан «айтарлықтай қауіпсіздік кепілдігі» күтпеу керектігін ашық білдірген.
NYT пікірінше, Трамптың Мәскеу мен Киев арасындағы соғысты тоқтатуға берген 50 күндік мерзімі оның нақты шешімінен гөрі, шыдамының таусылғанын көрсетеді. Бұл уақыт аралығында нәтижелі келісімге келу екіталай.
Басылым сонымен қатар АҚШ-тың болашақтағы саяси бағыты туралы да жазды: Вашингтон не Украинаға әскери және барлау көмегін жалғастырады, не қақтығыстан мүлде бас тартады.
Айта кетейік, Ресей мен Украина арасындағы жаңа келіссөз 23 шілдеде Түркияда өтуі мүмкін. РИА Новости агенттігінің түрік дереккөзі келіссөздің Мәскеу уақытымен сағат 19:00-де басталуы ықтимал екенін хабарлады. Бұған дейінгі кездесулер 16 мамыр мен 2 маусымда Ыстамбұлда өткен еді. Сол жолы тараптар әскери тұтқындар мен сарбаздардың мәйіттерін алмастыруға, сондай-ақ атысты тоқтату шарттары бойынша меморандумдармен алмасуға келіскен болатын.
RUS