SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, АҚШ президенті Дональд Трамп бұрынғы президент Барак Обаманы мемлекеттік опасыздық жасады және 2020 жылғы сайлауды бұрмалады деп айыптады. Бұл туралы ол 22 шілде күні Ақ үйде журналистермен кездесу кезінде мәлімдеді.
«Бұл — сатқындық. Олар сайлауды ұрлауға тырысты. Олар сайлауды шатастыруға, нәтижеге әсер етуге тырысты. Олардың не істегенін елестету де қиын, тіпті басқа мемлекеттерде мұндай болмаған», — деді Трамп.
Оның айтуынша, демократтар 2020 жылғы сайлауды әдейі бұрмалаған. Трамп Обамадан бөлек, оның «серіктерінің» қатарында Хиллари Клинтон мен Джо Байденді де атады.
«Олардың барлығы – бір топ. Олар фальсификациямен айналысты, және сол үшін ұсталды. Олар бұл сайлауды шын мәнінде бұрмалады», — деді АҚШ президенті.
CNN мәліметінше, АҚШ-та мемлекеттік опасыздық үшін ең ауыр жаза — өлім жазасы.
Трамп бұл мәлімдемесінде АҚШ Ұлттық барлау директоры Тулси Габбардтың өткен аптада жариялаған есебіне сүйенді. Құжатта Обама мен оның әкімшілігі 2016 жылғы президенттік сайлауға Ресейдің ықпал ету әрекеттеріне қатысты барлау ақпаратын «жасанды түрде құрастырған және саясаттандырған» делінген.
Габбардтың айтуынша, демократтар жеңілген соң Обама әкімшілігі Ресейдің сайлауға араласуы туралы жалған есептер дайындаған. Ол есептерде Ресей Трамптың жеңіске жетуіне көмектесті деген ақпараттар айтылған. Алайда, бұл тұжырымдар сайлау алдындағы барлау бағаларымен сәйкес келмеген.
Сонымен қатар, Politico жазғандай, Обама әкімшілігінің ішкі хат алмасуларынан белгілі болғандай, ресейлік хакерлердің сайлау жүйесіне тікелей шабуыл жасап, нәтижені өзгертетіндей деңгейде әрекет етуі мүмкін емес болған. Бірақ олар америкалықтардың сеніміне нұқсан келтіре алуы ықтимал деп есептелген.
Обаманың баспасөз хатшысы Патрик Роденбуш Трамптың айыптауларына жауап беріп, оларды «негізсіз және абсурд» деп атады.
«Біз әдетте Ақ үйден шығатын мұндай жалған әрі күлкілі мәлімдемелерге жауап бермейміз. Бірақ бұл жолғысы — тым шектен шыққан. Өткен аптада жарияланған құжатта 2016 жылғы сайлауға Ресейдің араласуға тырысқаны жайлы кеңінен баяндалған. Алайда олар дауыстарды бұрмалауға жеткен жоқ. Бұл қорытынды 2020 жылы сенаттың екі партиялы барлау комитетінің баяндамасында да расталған», — деді Роденбуш.
RUS