SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 22 шілденің кешінде Киев, Одесса, Львов және Украинаның басқа да қалаларында тұрғындар антикоррупциялық органдардың тәуелсіздігін шектейтін заң жобасына қарсы наразылық акцияларына шықты. Бұл туралы жергілікті ақпарат құралдары хабарлады.
Атап айтқанда, Киевте жүздеген адам Иван Франко атындағы драма театрының алдына жиналды. Шеруге Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысқан ардагер Дмитрий Козятинский шақырған. Наразы халық Украина президентінен заң жобасына вето қоюды талап етті.
Алайда, сол күні кешке Украина президенті Владимир Зеленский құжатқа қол қойды. Түнде жарияланған бейнеүндеуінде ол бұл шешімді «Ресей ықпалынан тазарту» қажеттігімен түсіндірді. Зеленскийдің айтуынша, бұл заң Ұлттық антикоррупциялық бюросы мен Мамандандырылған антикоррупциялық прокуратураның жұмысын тоқтатпайды.
«Жылдар бойы шенеуніктер шетелге қашып, жауапкершіліктен жалтарып жүр. Істер неге жабулы күйінде қалуы тиіс? Неліктен Ресей әлі күнге дейін маңызды ақпараттарға қол жеткізе алады? Енді мұндай болмауы керек. Жауапкершілік міндетті түрде болуы тиіс, және қоғам оны көруі тиіс», – деді президент.
Жаңа заң бойынша, енді Бас прокурор Украина Ұлттық антикоррупциялық бюросы мен Мамандандырылған антикоррупциялық прокуратураның істеріне араласа алады: материалдармен танысып, істерді алып, бағыттарын өзгерте алады, сондай-ақ олардың жұмысына тікелей бақылау орнатады.
Заң жобасы парламенттегі құқық қорғау комитетінде шұғыл түрде мақұлданып, сол күні Жоғарғы Рада депутаттары тарапынан да қолдау тапты. Құжат президентке бірден қол қоюға жөнелтілді.
Бұған дейін, 21 шілдеде Украина қауіпсіздік қызметі сот санкциясынсыз Ұлттық антикоррупциялық бюросының 15 қызметкерінің үйі мен кеңсесінде тінту жүргізген. Тексерулердің себептері әртүрлі болғанымен, кейбір қызметкерлер Ресеймен ықтимал байланысы бар деп күдікке іліккен.
Антикоррупциялық органдардың басшылығы Зеленскийден заңға қол қоймауды сұраған болатын.
RUS