915

Шымкентте әйелін өлімге итермелеген ер адам ата-ана құқығынан айырылды

7 бала жетім қалды.

Шымкентте әйелін өлімге итермелеген ер адам ата-ана құқығынан айырылды
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Шымкент қаласының Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 51 жастағы Мұхитжан Сейдуәлиевті бес баласына қатысты ата-ана құқығынан айырды. Бұған дейін ол жұбайын суицидке итермелегені үшін 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылған еді. Бұл туралы Otyrar.kz жеткізді.

Марқұм әйел мен сотталған азаматтың жеті баласы болған. Олардың бесеуі – кәмелетке толмаған. Ең үлкені – 16 жаста, кенжесі – 3 жаста.

Қалалық соттың хабарлауынша, Шымкент қалалық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы мен Денсаулық сақтау басқармасына қарасты арнайы бөбектер үйі сотқа Сейдуәлиевтің ата-ана құқығын шектеу және алимент өндіру туралы талап арыз түсірген.

«Сот анықтағандай, балалардың анасы қаза тапқан, ал әкесі қылмыстық жауапкершілікке тартылған. 2025 жылғы 25 маусымда Шымкент қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сейдуәлиевті ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабы, 1-бөлігі (өзіне қол жұмсауға итермелеу) бойынша кінәлі деп танып, 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айырған», - дейді Шымкент қалалық соты.

Сот шешімі бойынша Мұхитжан Сейдуәлиев кәмелетке толмаған бес баласына қатысты ата-ана құқығынан айырылып, олардың кәмелет жасына толғанға дейін алимент төлейді.

Сот сондай-ақ бұл шешімді ҚР «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодекстегі «Ата-ана құқығын шектеу» туралы бапқа сүйене отырып қабылдағанын мәлімдеді.

Марқұм әйелдің үлкен қызы іні-қарындастарын өз қамқорлығына алу үшін тиісті органдарға өтініш берген. Алайда балалардың қайда тұратыны әзірге белгісіз.

Еске сала кетейік, 2025 жылғы 5 ақпанда Шымкент қаласындағы «Күншығыс» шағын ауданында көпқабатты үйдің ауласынан әйел адамның мәйіті табылған еді. Тергеу оның үшінші қабаттағы пәтердің асүйінен секіріп кеткенін анықтады. Көп ұзамай оның бұрынғы күйеуі – Мұхитжан Сейдуәлиев – суицидке итермелеу күдігімен ұсталды.

Материал авторы