Lenovo компаниясының директоры Ермек Жақыпжановты өлтірді деген күдікті Қазақстанға әкелінді
Әзербайжанда бас сауғалаған қылмыскер елге әкелінді.
SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінген азамат, соның ішінде кәсіпкерді өлтіру ісі бойынша іздеуде жүрген адам, Әзірбайжаннан Қазақстанға экстрадицияланды.
Қазақстан Бас прокуратурасының, Ішкі істер министрлігінің және Бакудегі елшіліктің бірлескен жұмысының нәтижесінде күдікті елге қайтарылған. Тергеу деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың қазан айында күдікті сыбайласымен бірге Lenovo компаниясының мемлекеттік мекемелермен жұмыс жөніндегі директоры Ермек Жақыпжановты кездесу сылтауымен алдап шақырып, соққыға жығып, есінен тандырған. Кейін оның мүлкін – шамамен 40 миллион теңге тұратын заттарды тартып алып, Алматыдан тыс жерге шығарып, өлтіріп кеткен.
Қылмыс жасалғаннан кейін бір күдікті ұсталды, ал екіншісі қашып кеткен. Ол халықаралық іздеуге жарияланып, 2025 жылдың қаңтарында Әзірбайжаннан қолға түсті. Енді ол Қазақстанда тергеу изоляторында отыр.
Күдіктіге 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына түрме жазасы мен мүлкін тәркілеу жазасы тағайындалуы мүмкін.
Материал авторы