SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ақтауда «Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты» (МАЭК) ЖШС бас директорының өндіріс және БН-350 реакторын пайдалану жөніндегі орынбасары Игорь Чернецкий 59 жасында өмірден өтті. Бұл туралы ақпаратты кәсіпорын ұжымы растады.
Игорь Петрович Чернецкий 1965 жылы 9 қыркүйекте Ақтауда (бұрынғы Шевченко) дүниеге келген. Ол Маңғыстау энергетика колледжінде, кейін Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінде «Өнеркәсіптік жылу энергетикасы» мамандығы бойынша білім алған.
Еңбек жолын 1986 жылы ПГМК медициналық-санитарлық бөлімінде бастаған. 1994–2003 жылдары «Маңғыстау атом энергия комбинаты» РМК-да түрлі қызметтер атқарды. Ал 2003–2022 жылдары «МАЭК–Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-де жауапты лауазымдарда жұмыс істеп, бас инженер, өндіріс жөніндегі бас директор орынбасары болған. 2024 жылғы шілдеден бастап қазіргі қызметіне тағайындалған еді.
Чернецкий энергетика саласында сіңірген еңбегі үшін көптеген марапаттарға ие болған. Атап айтқанда:
«Ерен еңбегі үшін» медалі,
«Қазақстан Конституциясына 20 жыл» медалі,
«Еңбек сіңірген энергетик» медалі,
ҚР атом саласының еңбек сіңірген қызметкері» III дәрежелі төсбелгісі,
Маңғыстау облысы әкімінің Құрмет грамотасы.
Сондай-ақ оған «Еңбек ардагері», «МАЭК–Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің «Құрметті ардагері» және «Құрметті қызметкері» атақтары берілген.
— Игорь Петрович бар саналы ғұмырын аймақтың энергетика саласына арнады. Қарапайым жұмысшыдан ірі өндірістік кәсіпорын басшылығына дейін көтерілді. Оның кәсіби тәжірибесі, жауапкершілігі мен адалдығы әріптестерінің жадында мәңгі сақталады. МАЭК ұжымы марқұмның отбасына және жақындарына қайғырып көңіл айтады, — делінген компания хабарламасында.
Игорь Чернецкийдің қоштасу рәсімі туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланады.
RUS