2433

Хутор бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа жетті

Шерзаттың өлімінен соң күдіктілер Хуторлық банда, ал оларды Хуторский Хасан басқарады деген қауесет тараған еді.

Хутор бандасының басшысы делінген Хасан Қасымбаевтың ісі сотқа жетті
SMARTNEWS.KZ коллажы

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 2025 жылғы 21 шілдеде MMA жаттықтырушысы Арман Әлімовке шабуыл жасау ісі бойынша айып тағылған Хасан Қасымбаевтың ісі прокуратураға жіберілді. Қазір ол Қылмыстық-процестік кодекстің 302-бабына сәйкес тексеріліп жатыр.

Алайда тергеу материалдары ҚР ҚПК-нің 201-бабына (құпиялық) байланысты қоғамға жарияланбай отыр.

2024 жылдың қарашасында Хасан Қасымбаев MMA жаттықтырушысы Арман Әлімовті ұрлап, соққыға жыққан деген күдікпен тұтқындалған болатын. Оқиға бұдан бұрын, 2021 жылы болған. Жергілікті бейнебақылау камераларынан бірнеше ер адамның көшеде Әлімовке шабуылдап, оны көлікке күштеп тиеп жатқан сәті анық көрінеді.

Жәбірленушінің туыстарының айтуынша, қаскөйлер Арманды канал маңына апарып, тағы да аяусыз ұрып-соққан. Соның салдарынан ол жансақтау бөліміне түсіп, біраз уақыт өмір мен өлім арасында жатқан.

Арман Әлімовке қарсы қастандықты ұйымдастырды деп туыстары бірнеше рет Хасан Қасымбаевты атағанымен, үш жылдан астам уақыт бойы полиция бұл арыздарға назар аудармаған. Тек қоғамдағы резонанс күшейіп, Талғардағы Шерзат Болаттың өлімінен кейін ғана іс қозғалды. Осы жағдайдан соң жұрт ауданда «Хуторлықтар» деп аталатын қылмыстық топ бар деп дабыл қаққан. Тұрғындар оның басшысы ретінде Хасан Қасымбаевтың атын атаған еді.

Ресми тергеу бұл топтың барын растамағанымен, Қасымбаев басқа іс бойынша абақтыға қамалды. Енді оның ісі сот қарауына берілмек.

Материал авторы