916

«Маған ақша қызық емес»: Сәкен Бибосынов дебютін нокаутпен бастады

Жапон промоутерлері Бибосыновқа жол ашты.

«Маған ақша қызық емес»: Сәкен Бибосынов дебютін нокаутпен бастады
Olympic.kz

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов кәсіби бокстағы дебютін жеңіспен бастап, Sportbugin.kz сайтына сұхбат берді. Жекпе-жек Қырғызстанда өткен.

«Кездесу біз жоспарлағандай өтті. Дайындық кезінде бауырға соққы жасауға баса мән бердік, жаттығу кезінде оны көп қайталадық. Бірінші раундта соны пайдаланып, нокдаун тіркейміз деп ойлағанбыз — солай болды. Қарсыласымды жақсы зерттедік. Бұл жеңіс мені де, бапкерлерімді де, жанкүйерлерімді де, жекпе-жекті ұйымдастырған жапондық промоутерлерді де қуантты», — деді Бибосынов.

Боксшының айтуынша, промоутерлер оны келесі жекпе-жекке шақырып үлгерген. Бірақ Сәкен бұл шешімді өзі ғана қабылдай алмайды.

«Мен — ұлттық құраманың мүшесімін. Сондықтан бұл мәселе бойынша бас бапкермен және Қазақстан бокс федерациясымен ақылдасамын. Әуесқой бокстағы күнтізбеге кедергі келтірмейтін кезде ғана кәсіпқой рингке шығуға болады. Бапкерім екі бағытты да қатар алып жүруге болатынын айтты, мүмкін дәл солай болар», — дейді ол.

Бибосыновтың айтуынша, Жапониядан келген ұйымдастырушылар оның бокс мәнеріне қызығушылық танытып, алдағы жоспарларымен бөліскен.

«Олар менің рейтингіде жылдам көтерілуіме көмектесуге дайын екенін айтты. Екі-үш жекпе-жектен кейін Азия чемпионы атағына, ал төрт-бес кездесу өткен соң әлем чемпиондығына таласуға мүмкіндік болатынын жеткізді. Әзірге бұл алдағы уақыттың шаруасы», — дейді боксшы.

Кәсіпқой бокста гонорар басты орын алатыны белгілі. Алайда Бибосынов материалдық табыстан бұрын спорттық нәтиже мен жеңісті жоғары қоятынын мәлімдеді.

«Маған ақша емес, нәтиже маңызды. Ақша қызық емес маған. Мейлі кәсіпқой болсын, мейлі әуесқой болсын — бастысы, үздік нәтиже көрсетіп, биік жетістікке жетсем, сол жеткілікті», — деді ол.

Айта кетейік, Сәкен Бибосыновтың жеке бапкері — Мырзағали Айтжанов.

Материал авторы