2025 жыл – «Жұмысшы мамандықтар жылы» ретінде жариялануы тек ресми бастама емес, қоғамның еңбек адамын жаңаша бағалауына негіз болатын маңызды қадам. Осы бағыттағы нақты жұмыстардың бірі – Қызылордада өткен республикалық жұмысшы жас мамандар слеті.

100-ден астам жас маманды біріктірген бұл слет – жұмысшы мамандығының мәртебесін арттыруға бағытталған практикалық алаң. Пленарлық отырыста облыс әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов жастарға арналған бастамалар мен техникалық білім берудің нәтижелері туралы баяндады.
Қазіргі таңда Қызылорда облысында 28 колледж жұмыс істейді, олардың 19-ында 45 мамандық пен 49 біліктілік бойынша 4 890 студент жұмысшы кәсібі бойынша білім алуда. Тігін цехтары, халықаралық әріптестік, кәсіптік бағдар беру жүйесі – бұның бәрі жастарды еңбек нарығына сапалы даярлауға бағытталған шаралар.

Слет аясында жастар «Қызылорда облысының жұмысшы жас мамандарының ассоциациясын» құру бастамасын көтерді. Бұл бастама – тек өңірлік емес, республикалық деңгейде жұмысшы жастың үнін естіртуге арналған алғашқы қадам болуы мүмкін.
Іс-шара аясында қатысушылар өңірдегі ірі кәсіпорындар мен оқу орындарының материалдық-техникалық базасымен танысты. Сонымен қатар, жастар Байқоңыр сапары арқылы ғылым мен техниканың дамуын өз көзімен көріп, ел болашағы үшін еңбек етудің жаңа формасын түсінуге мүмкіндік алды.
Қызылордадағы бұл слет – техникалық білім беру, өндірістік байланыс және жастар саясаты арасындағы тиімді интеграция үлгісі.

RUS