SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Павлодардағы сұлулық салонының ішінде қыздардың төбелесі түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Оқиғаға, алдын ала болжам бойынша, жеке реніш себеп болуы мүмкін.
Бейнежазбада бір қыз шаш қидырып отырған кезде екінші қыз оның қасына келіп, сөзбен ұрыс басталып, артынша төбелеске ұласқаны көрінеді.
Журналист Михаил Козачков та Telegram-арнасында Павлодарда соңғы күндері қызу талқыға түскен оқиғаға назар аударды. Қала тұрғындары екі әйелдің арасындағы жанжал туралы жарыса жазуда. Жергілікті қауесетке сүйенсек, төбелеске себеп – ортақ ер адам. Екі әйелдің де кезінде бір ер адаммен қарым-қатынаста болғаны айтылуда. Жанжал соңы жұдырықтасуға ұласып, әлеуметтік желі қолданушылары арасында да түрлі пікір туғызды.
Полиция мәліметінше, төбелеске қатысқан қыздардың кім екені анықталып, олар полиция бөліміне жеткізілген. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабы бойынша тергеу амалдары басталған.
— Қызметкерлер оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Барлық фактілер толық зерттеледі, — деді Павлодар облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.