SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ұлыбритания Палестинаны мемлекет ретінде тануы ықтимал. Бұл туралы елдің премьер-министрі Кир Стармер25 шілде күні X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде жариялаған бейнеүндеуінде мәлімдеді.
Стармердің айтуынша, Ұлыбритания одақтастарымен бірге аймақта бейбітшілік орнату стратегиясын дайындап жатыр. Бұл стратегия нақты әрі практикалық шешімдерге негізделмек.
«Бұл жоспар қажетті оқ атуды тоқтатуды тұрақты бейбітшілікке айналдыру үшін нақты қадамдарды қамтиды. Сол қадамдардың бірі — Палестинаны тану болуы тиіс. Бұл мәселеге деген ұстанымым – анық», — деді британ үкіметінің басшысы.
Сондай-ақ, премьер-министр Ұлыбритания Палестина халқына азық-түлік пен өзге де қажетті көмекті жеткізуге бар күшін салатынын атап өтті.
Осыған дейін Франция президенті Эммануэль Макрон да Палестинаны мемлекет ретінде тануға дайын екенін мәлімдеген. Ресми мәлімдемені ол қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының жаңа сессиясында жасауға уәде берген.
Алайда Макрон бұл танудың шарттары бар екенін жеткізген: Палестина толық демилитаризациялануы және Израильді сөзсіз мойындауы қажет.
Макронның бастамасына АҚШ президенті Дональд Трамп та пікір білдіріп, француз басшысын «жаман емес, командалық ойыншы» деп атады. Алайда ол Макронның мәлімдемесі «ешқандай салмаққа ие емес» деп түйіндеді.