SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 27 шілде, жексенбі күні UFC жекпе-жекшісі Шавкат Рахмоновтың жұбайы жол апатына түсіп, салдарынан екі адам көз жұмды. Бұл туралы Halyqstan Telegram арнасы жазды.
Оқиға Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Алматы – Екатеринбург тасжолының 296-шақырымында, Ақсуйек ауылы маңында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, Гүлайым Рахмонова көлік тізгінінде өзі отырып, Қарағандыдан Алматыға бет алған. Жол бойында ол Toyota Land Cruiser көлігінің басқаруын игере алмай, темір тұлпар аударылып кеткен.
Апат салдарынан:
39 жастағы жолаушы З.А. оқиға орнында мерт болды,
35 жастағы А.С. аудандық ауруханаға жетпей көз жұмды.
Гүлайым Рахмонова мен ұлы Шу қаласына жеткізіліп, қалалық аурухананың травматология бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер олардың жағдайын орташа ауыр деп бағалап отыр.
«Ота қажет емес. Қазір науқастар дәрігерлердің бақылауында», – делінген медициналық мекеме таратқан ақпаратта.
Полиция Жол қозғалысы ережелерін бұзып, екі немесе одан да көп адамның өліміне себеп болу бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Тергеу мүддесіне байланысты басқа деректер жарияланбай отыр.