SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 27 шілде түнінде Ақтау маңындағы демалыс базалардың бірінде жан түршігерлік оқиға орын алды. Жалаңаш ер адам ұйықтап жатқан 8 және 10 жастағы қыздардың бөлмесіне кіріп кеткен. Бұл туралы Lada.kz жазды.
Куәгер әйелдің айтуынша, ол кеште Ақтау жүгіру клубының қатысушылары демалып жатқанын, олардың арасында балалы отбасылар болғанын айтқан. Кешке қарай қыздар бөлек бөлмеге жатқызылыпты. Ал түнгі сағат 4-тер шамасында 10 жастағы қыз айқайлап сыртқа жүгіріп шыққан.
«Қызым бөлмеден жылап шыққанда, ер адамдар жүгіріп келіп, бөлмеге кірді. Сол жерде төсек үстінде жалаңаш ер адам жатқан. Жиналғандарды көре сала, ол терезеден секіріп қашты. Біз бірден полиция шақырдық», – деді әйел.
Анықталғандай, бөлмеге кірген ер адам – базада демалып жатқан кісілердің бірі. Ол жеңіл дәрежеде масболғаны сот-медициналық сараптама арқылы расталған.
Алайда ата-аналар полицияның әрекетіне ашулы:
«Ол бөлмеге қалай кірді? Неге жалаңаш болды? Полиция «қылмыс құрамы жоқ» дейді. Сонда бұл адам жазасыз қала ма? Ал егер балаларға бірдеңе болса ше? Бұл – үлкен психологиялық соққы. Біз оның есірткі немесе психотропты зат қолданғанын тексеруді талап етеміз. Біз екі отбасы атынан арыз жаздық», – дейді қыздардың ата-аналары.
Қазіргі уақытта полиция тарапынан ресми түсініктеме берілген жоқ. Ата-аналар болса әділ тергеу жүргізіліп, қоғамдық қауіпсіздікке нұқсан келтірген адам жауапқа тартылсын деп отыр.