SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық хит әндердің авторы, композитор Нұрзат Рахатов бүгінде Ұлыбританияда құлпынай теріпжүр. Ол Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында шетелдегі өмірі мен мұғалім ретіндегі тәжірибесі, шығармашылықтағы жағдайы туралы ашық айтып берді.
Нұрзат Рахатов бұған дейін Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Қайназар ауылындағы мектепте мұғалімболған. Алайда жалақы мардымсыз болғандықтан, Англияға кетуге бел буған.
«2024 жылдың мамырында Англияға келдім. Үш жыл мектепте жұмыс істедім, бірақ тапқан табысым көңілімнен шықпады. Сосын виза рәсімдеп, шетелден жұмыс істеуді шештім. Қазір таңқурай мен құлпынай теремін», – дейді ол.
Ол соңғы жылдары қалың көпшілікке кең тараған «Көк жигули», «Сен маған массың», «18 бен 25», «Махаббат жоқ деме, жаным» сияқты әндердің авторы. Барлық туындысына авторлық құқық рәсімделген, алайда олардан тұрақты табыс жоқ екенін айтады.
«Бір ән 50–100 мың теңге шамасында сатылады. Бірақ бұл тұрақты табыс емес. Шығармашылықпен күн көру қиын. Қарыздарымды жауып алсам, күзде елге қайтамын. Бірақ қайтадан шығармашылыққа бет бұрамын деп нақты айта алмаймын. Бұл – жай ғана хобби», – дейді Нұрзат.
Кейбір хит әндер туралы қате ақпараттар тарағанына тоқталған автор өз әндерін нақтылады:
«Достарым менің золотой» әнін мен жазған жоқпын. Ол басқа туынды. Мен Рахымжан Жақайым орындайтын «Достарым» әнінің авторымын. 2018 жылы шыққан «18 бен 25» әлі күнге дейін тыңдалады. 2020 жылы «Сен маған массың» жарық көрді. Қазір ол Қытай, Таиланд секілді елдерде де кең таралған».
Нұрзат Рахатов – көптеген танымал әндердің мәтін авторы. Олар:
«Қазақтың тойы бітпесін» – Анара Батырхан орындайды;
«Көк жигули» – Гүлмира Ізбасханова орындаған нұсқасының сөзін жазған;
«Құралай», «Мелодия» – Абай Бегей репертуарынан;
«Биле», «Сағындым сені» – 2014 жылғы «Ал Давай» тобының әндері;
«Гүлбану» – «Домино» тобының әні;
Сондай-ақ Нұрсұлтан Нұрбердиев, Ахан Отыншиев, Алтынбек Тәшімбетов, Диляра Дидар, Али Оқапов сияқты әншілер орындайтын бірнеше туындылардың авторы.