800

«Пышақпен қорқытып, зорлағанын видеоға түсірді»: Астанада студент қызды қатарласы бірнеше ай бойы зорлап келген

Полиция жарты жылдан бері әрекет етпеген.

«Пышақпен қорқытып, зорлағанын видеоға түсірді»: Астанада студент қызды қатарласы бірнеше ай бойы зорлап келген
бейнежазбадан

SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Астанада 17 жастағы студент қыз қатарласы тарапынан бірнеше ай бойы зорлық көргенін мәлімдеді. Қылмыстық әрекет тек жәбірленуші ауыр жағдайда ауруханаға түскенде ғана белгілі болды. Бұл туралы 31-арнаның Информбюро жаңалықтар қызметі жеткізді. 

 

Қыздың айтуынша, күдікті бозбала оны пышақпен қорқытып, зорлау сәттерін видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге таратамын деп бопсалаған. Қорқыныш пен қысымға шыдай алмаған студент қыз бұл жағдай туралы алғаш рет дәрігерлерге айтқан. Дене жарақаттарын көрген медициналық қызметкерлер полиция шақыртқанымен, жарты жылдан бері күдіктіге қатысты нақты шара қолданылмаған.

— Маған пышақ тақап жүрді. Бар кінәм — таныстықты жалғастырғым келмегені. Үйге алғаш пышақпен келіп, менің барлық әлеуметтік желілерімді иемденіп алды. Сол сәтте алғаш рет зорлады. Егер шағымдансам, өлтірем деп қорқытты, — деді жәбір көрген қыз.

Оның айтуынша, күдікті арнайы қосымша арқылы қай кезде сабақта, қай кезде үйде болатынын бақылап отырған. Қыз бірнеше рет қорлық көріп, бір оқиғадан кейін ауруханаға түскен. Содан кейін ғана полицияға арыз жазылған. Бірақ тергеу нәтижесіз: қыз табыстаған айғақтар жоғалып кеткен, ал күдікті әлі де бостандықта жүр.

— Тергеушілерге айтып отырып есімнен танатындай күйге түсем. Жарты жыл өтті, еш нәтиже жоқ. Ауылға кетуге мәжбүр болдым. Бәрінен қорқам, — дейді ол.

Астана қалалық Полиция департаменті бұл іс бойынша «зорлау» бабымен қылмыстық іс қозғалғанын растады. Алайда Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабын алға тартып, тергеу деректерін жария етуден бас тартты.

Қазір жәбірленуші психологтардың бақылауында. Қоғамда бұл оқиға полицияның әрекетсіздігі мен зорлық істеріне салғырт қарау мәселесін қайта көтерді.

Материал авторы

Азиз Қалижан
Азиз Қалижан Редактор