SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Ресей президенті Владимир Путин дүйсенбі күні халықаралық телефон арқылы сөйлесетіні айтылған еді. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистерге мәлімдеді.
«Күннің екінші жартысының басында халықаралық телефон арқылы сөйлесу күтілуде», — деді Песков.
Алайда, ол бұл келіссөздің Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен болатынын жоққа шығарды. Айта кетейік, Ердоған өткен жұмада алдағы күндері Владимир Путинмен және АҚШ президенті Дональд Трамппен телефон арқылы сөйлеспек ниеті барын жариялаған еді.
Кремль әзірге Путиннің нақты кіммен сөйлесетіні туралы мәлімет бермей отыр.
Еске салайық, 23 шілдеде Ыстамбұлда Ресей мен Украина арасындағы тікелей келіссөздердің үшінші раунды өткен болатын. Шамамен 40 минутқа созылған кездесуде тараптар тұтқындармен қатар бейбіт тұрғындарды да алмастыру туралы уағдаласты. Сондай-ақ Украина тамыз айының соңына дейін Владимир Путин мен Владимир Зеленскийдің саммитін өткізуді ұсынған.