SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің «Love’s Not Over Yet» атты композициясы алғаш рет әлемдегі ең ірі музыкалық радиобрендтердің бірі – Radio Disney эфирінде ойналды. Ән бүгінде Мексикадағыбарлық Radio Disney станцияларында тұрақты ротацияда. Бұл туралы dimashnews.com жазды.
Жобаның бастамашысы – Будапешттегі 2023 жылғы Димаштың концертіне қатысқан жанкүйер. Концерттен кейін ол Димаштың дауысын Disney радиосынан естуді армандап, өз бастамасын әлеуметтік желілерде насихаттаған.
Араға уақыт салып, бұл идея әлемнің 30-дан астам еліндегі Dears фан-қоғамдастықтарының қолдауыменауқымды халықаралық науқанға айналды. Әсіресе X (бұрынғы Twitter) желісінде #DimashRadioDisney хэштегі арқылы кеңінен таралды. Бұл хэштег 2024 жылдың қыркүйек айының соңында платформада трендке енген.
Науқан Мексикадағы радиожүргізушілер мен продюсерлердің де назарын аударған. Атап айтқанда, Пачука қаласындағы Radio Disney станциясының жүргізушісі Бриссия мен продюсер Эдуардо бұл ұсынысты қолдап, әнді ресми плейлистке қосуды ұсынған.
«Love’s Not Over Yet» әнінің Disney радиосының эфиріне шығуы – Dears Mexico фан-клубының белсенділігі мен тыңдармандардың шынайы ықыласының нәтижесі. Қазіргі таңда бұл жоба Аргентина, Уругвай, Перу сияқты басқа да елдердегі жанкүйерлерге шабыт беріп отыр.
Димаш Құдайберген осылайша халықаралық аренадағы беделін тағы бір мәрте дәлелдеді. Ал жанкүйерлері оның шығармашылығын жаһандық деңгейде қолдап, тың бастамаларға мұрындық болуда.
RUS