SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Алматы облысындағы «Алель Агро» кәсіпорнында ірі өрт болып, бір адам көз жұмды.
Төтенше жағдай Іле ауданына қарасты Түймебай ауылында орналасқан құс фабрикасында болған. Алдын ала мәлімет бойынша, фабрика аумағындағы асхана өртенген. Тілсіз жау 450 шаршы метр аумақты шарпыған.
Өртті сөндіруге Алматы облысы мен қаласынан, әскери бөлім, полиция және медициналық қызметтерден келген 42 құтқарушы мен 14 техника жұмылдырылды. Құтқарушылар ғимарат ішінен бір ер адамның мүрдесін тапты. Қаза тапқан адамның жеке басы әзірге анықталған жоқ.
Оқиғаға байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабының 2-бөлігі («Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу, абайсызда адам өліміне әкелу») бойынша іс қозғалды. Өрттің нақты себебі анықталып жатыр.
«Алель Агро» АҚ – Қазақстандағы ең ірі агроөнеркәсіптік холдингтердің бірі. Forbes мәліметінше, компания акционерлерінің қатарында Ғалымжан Есенов (шамамен 44%), Марғұлан Сейсембай (21%) және Сәуле Сейсембаева (13%) бар.
Бұған дейін прокуратура Жамбыл облысында жаңа құс фабрикасын салу үшін «Алель Агроға» 87 гектар жер телімін алуға көмектескен еді. Жергілікті тұрғындар экологиялық қауіптерге байланысты қарсы шыққанымен, бақылаушы органның араласуынан кейін инвесторға балама жер берілді. Компания жобаны 2025 жылдың көктемінде бастаған.