SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, 29 шілдеге қараған түні Ресей Украинаға жаппай әуе шабуылын жасап, кемінде 21 адам көз жұмды, 80-нен астам тұрғын жарақат алды. Ең ауыр зардап Запорожье облысында тіркелді – мұндағы түзеу мекемесіне жасалған соққы салдарынан кем дегенде 17 тұтқын қаза тапты.
Аймақ басшысы Иван Федоровтың айтуынша, түнгі уақытта Запорожье ауданына сегіз рет әуеден соққы жасалған. Шабуыл фугас бомбаларымен жүзеге асырылған болуы мүмкін. Салдарынан қамау мекемесімен қатар бірнеше тұрғын үй мен ғимарат бүлінген.
Украина президенті кеңсесінің басшысы Андрей Ермак бұл шабуылды «Ресейдің тағы бір әскери қылмысы» деп атады. Ол Путин режиміне қарсы әскери әрі экономикалық қысымның күшеюі керектігін айтты.
Днепропетровск облысы да шабуыл астында қалды
Каменское қаласына жасалған соққыдан екі адам қаза тауып, бесеуі жарақат алған. Облыстық әскери әкімшіліктің басшысы Сергей Лысактың мәліметінше, жараланғандардың екеуі – әйелдер, олардың бірі жүкті және ауыр халде жатыр. Зымыран соққысы салдарынан пайдаланылмай тұрған үш қабатты ғимарат қирап, жақын маңдағы перзентхана мен аурухана бөлімшелері зақымданған.
Сондай-ақ Синельниково ауданындағы Великая Михайловка ауылында тағы екі адам – соның ішінде 75 жастағы әйел – мерт болды. Мұнда да бірнеше жеке тұрғын үй қираған.
Украина Қарулы күштерінің әуе күштері шабуыл барысында Ресейдің екі «Искандер-М» баллистикалық зымыранын және 37 шабуылшы Shahed дронын, түрлі типтегі имитациялық ұшқышсыз аппараттарды қолданғанын хабарлады. Олардың 32-сін атып түсіру мүмкін болғанымен, кейбірі нысанаға дәл тиген.
RUS