SMARTNEWS.KZ басылымының хабарлауынша, Түркістан облысында кәмелетке толмаған бірнеше қызға қатысты азғындық әрекет жасады деп айыпталған 54 жастағы Талғат Қатауов бар болғаны 2,5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот Қатауовты ҚР Қылмыстық кодексінің 122-бабы, 1-бөлігі — «Кәмелетке толмағанмен жыныстық қатынасқа түсу немесе жыныстық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау» бойынша кінәлі деп танып, ең төменгі жаза тағайындады. Айта кетейік, бұл бапта бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Алғашында Қатауовқа анағұрлым ауыр қылмыс — 124-бап, «Он алты жасқа толмағандарды азғындық жолға түсіру» бойынша іс қозғалған еді. Бұл бап бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін жаза қарастырылады. Алайда сот процесі кезінде прокурор айыпты жеңіл бапқа ауыстыруды сұраған.
Бұған дейін Қатауовтың үстінен 2024 жылы тағы бір ауыр айып тағылған. Оның 15 жастағы жиені ағасының оны тоғыз жасынан бастап бірнеше рет зорлағанын айтып, анасына шағымданған. Қыздың айтуынша, ол үйде жалғыз қалған сәттерде ағасы үйге қайта-қайта келген. Анасы полицияға арызданған соң, Қылмыстық кодекстің 120-бабы, 4-бөлігі — «Бірнеше рет жасалған зорлау» бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Жасөспірім полиграфтан өтіп, психологиялық тексеруден өткізілгенімен, тергеу нәтижесінде полиция желтоқсанда Қатауовқа қатысты істі «қылмыс құрамы болмауына» байланысты тоқтатқан. Отбасы қаржылық қиындықтарға байланысты жеке адвокат жалдай алмаған, оларды мемлекет тағайындаған қорғаушы ғана қорғаған.
Белгілі болғандай, Талғат Қатауов 2000-жылдары Батыс Қазақстан облысында мектеп директоры болып жұмыс істеген. Сол кезде де ол мектеп оқушыларына сексуалдық қысым көрсеткені үшін сотталып, қызметінен босатылған.
Сондай-ақ Қатауовты Түркістан мен БҚО-дағы азаматтық белсенділер «құқық қорғау органдарына жұмыс істейтін арандатушы» ретінде танитынын мәлімдеген. Белсенділердің айтуынша, ол бірнеше адамды жалған айыптап, полиция мен соттың көмегімен оларды жауапқа тартуға ықпал еткен.
RUS